
Балқаш қаласындағы «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» филиалына экскурсия
«Ecotime» республикалық эко-фестивалінің 5-ауысымы аясында 1-топ Балқаш қаласындағы «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» филиалына экскурсияға келді. Бұл күн жас қатысушылар үшін өте танымды әрі әсерлі болды. Филиал қызметкерлері балаларға мұнда өсірілетін балық түрлерін егжей-тегжейлі таныстырып, олардың күнделікті тіршілігін, мінез-құлқын және бейімделу ерекшеліктерін өз көздерімен бақылауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, балалардың ерекше қызығушылығын шаяндар тудырды. Олардың қалай қозғалатынын, не жейтінін және су астындағы басқа жануарлармен қарым-қатынасын бақылау балаларға үлкен әсер қалдырды. Экскурсия барысында балалар Балқаш көлінің қазіргі экологиялық жағдайы туралы құнды мәліметтер алды. Оларға балық қорларын сақтау – тек шаруашылық емес, ең алдымен экологиялық міндет екені түсіндірілді. Ғалымдардың көлдегі балық санын арттыру үшін қандай әдістер қолданатыны (жасанды ұрықтандыру, шабақтарды өсіріп жіберу) нақты мысалдармен көрсетілді. Ал шаяндардың суды табиғи тазартқыш ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді. Балалар үшін бұл экскурсия табиғатқа деген қамқор көзқарастың, ғылым мен өндірістің бірлігінің жарқын үлгісіне айналды. Фестивальдің осындай кездесулері жастардың экологиялық санасын қалыптастырып, болашақта су ресурстары мен тіршілік иелерін қорғау ісіне қызығушылығын арттырары сөзсіз.


