Жас таланттардың IT-саласындағы білімін тереңдетуге бағытталған «Жас программистер мектебі» ерекше формат – бекеттер түрінде өтті. Әрбір бекет қатысушыларға заманауи технологиялардың қыр-сырын ашуға, маңызды тақырыптарды тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Барлығы жеті бекет болды. Әрқайсысында балалар IT-әлемінің өзекті мәселелерімен танысып, өз ойларын ортаға салып, құнды білім алды. Алғашқы бекеттерде жасанды интеллекттің адам өміріндегі рөлі, оның пайдасы мен тигізетін зияны жан-жақты талқыланды. Балалар ЖИ-дің қазіргі заманғы қоғамдағы маңызын түсініп, болашақта осы саланың дамуына өздері де үлес қосуға болатынын ұғынды.
Келесі бекеттерде қатысушылар шығармашылықпен айналысты. Олар өздерінің қиялына ерік беріп, болашақта қандай робот немесе жасанды интеллект ойлап табар еді деген сұраққа жауап іздеді. Әр баланың ұсынған идеясы ерекше болды, бұл бекет жас программистердің инновациялық ойлау қабілетін айқын көрсетті.
Сонымен қатар, балалар виртуалды өмір мен әлеуметтік желілердің тиімді және тиімсіз тұстарын саралап, интернеттегі қауіпсіздік пен цифрлық этиканың маңыздылығын меңгерді. Ақылды құрылғылар – дауыстық көмекшілер, ақылды үй жабдықтары қалай жұмыс істейтіні, оларды күнделікті тұрмыста қалай тиімді пайдалануға болатыны да жеке бекетте түсіндірілді.
Соңғы бекет болашақ технологияларға арналды. Мұнда балалар өздерінің армандары мен мүмкіндіктерді ұштастыра отырып, алдағы жылдарда қандай технологиялар адамзат өміріне енетіні туралы қызықты пікірталас жүргізді.


