
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, орталығымызда жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіруге ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта орталығымызда «Жақсы адам болу – өнер» атты даналық сабақ ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты ерекшелігі – сахна төрінде әже мен немеренің тағылымды сұхбаты болды. Екі буын өкілі өмірлік тәжірибе мен бала жүрегіндегі таза ойды ұштастыра отырып, тәрбиенің, ізеттіліктің, мейірімділіктің маңызын сөз етті. Әженің әрбір айтқан ақылы немересіне ғана емес, залдағы көрермендерге де ой салды.
Сабақ барысында адам бойындағы асыл қасиеттер, үлкенге құрмет, кішіге ізет, туған-туыс пен айналаңдағы жандарға жанашыр болу жайлы терең ойлар қозғалды. Сонымен қатар, қатысушыларға адамгершілік пен моральдық құндылықтарды дәріптейтін бейнероликтер ұсынылды. Бұл көріністер көпшіліктің жүрегіне жол тауып, тәрбиенің тек сөзбен емес, іспен де көрінетінін дәлелдеді.
Осындай тағылымды шаралар арқылы орталығымыз жас ұрпақты саналы, тәрбиелі, жауапкершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуді мақсат етеді. Себебі жақсы адам болу – біліммен ғана емес, жүрек тазалығымен өлшенетін үлкен өнер.


