
Көктем мерекесі қарсаңында орталығымызда «Көктем аруы» атты әсемдік пен өнерге толы байқау өтті. Бұл шара көктемнің шуақты мерекесіне орай ұйымдастырылып, қатысушыларға өз қабілеттері мен шығармашылықтарын көрсетуге мүмкіндік берді. Байқауға әр топтың арулары қатысып, сахна төріне шығып, өздерін таныстырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, шығармашылық қабілеттері мен қызығушылықтары туралы айтып өтті. Екінші кезеңде арулар өз өнерлерін ортаға салды: олардың бірі би өнерін көрсетіп, сахнаны әсем қимылдарымен жандандырса, енді бірі әсем ән орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Ал байқаудың қорытынды үшінші кезеңінде жас аруларымыз өз қолдарымен дайындаған ерекше әрі әдемі көйлектерін көпшілік назарына ұсынды. Қатысушылардың шығармашылығы, талғамы мен шеберлігі көрермендерді таңғалдырды.
Байқау барысында қатысушылардың өнері, сахна мәдениеті және шығармашылық қабілеттері жоғары бағаланды. Мұндай іс-шаралар жастардың бойындағы талантты дамытып, олардың өзіне деген сенімін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.


