
Орталығымызға келген екінші ауысым қатысушылары үшін Балқаш өңірінің бай тарихы мен мәдени мұрасын таныстыру мақсатында «Өткені – сырлы, ертеңі – нұрлы Балқашым» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Танымдық кеш барысында Балқаш қаласының қалыптасу кезеңдері, өңірдің табиғи ерекшеліктері мен географиялық маңызы туралы мазмұнды мағлұматтар ұсынылды. Қатысушылар туған өлкенің өткені мен бүгіні жайлы тың деректермен танысып, Балқаштың айрықша келбетін тереңірек түсіне алды.
Іс-шараның көркін балалардың орындауындағы әсерлі әндер мен әсем билер аша түсті. Өнерлі өрендердің шынайы ықыласпен көрсеткен өнері кешке ерекше жылылық пен рухани мән берді. Әдеби-сазды кеш қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырды.


